Астаналық шенеуніктер жемқорлыққа қарсы жадынамаға қол қоюға міндеттеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы барлық мемлекеттік мекемелердің басшылары осы жылдың екінші тоқсанында жеке жауапкершілік жадынамасына қол қоятын болады. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қалалық департаменті директорының орынбасары Жазира Жылқышиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астана адалдық алаңы» жобасы биылғы жылдың 7 ақпанынан бастап іске асырылуда. Бұл ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Астана қаласы әкімдігінің бірлескен жобасы. Оның мақсаты - қаланы қолайлы ортаға айналдыру, әкімшілік кедергілерді жою, нақты айтқанда тұрмыстық жемқорлықты болдырмау. Ол 7 бағыт бойынша іске асырылып жатыр», - деді ол елорда әкімдігінде өткен семинар барысында.

Оның айтуынша, әр бағыт бойынша жұмыс топтары құрылып, бір айдың ішінде бірқатар істер атқарылған. Мәселен, елорданың барлық емханаларында азаматтарға  қолайлы орта қалыптастыру мақсатында электронды кезекті енгізу және тұрғындардың электронды денсаулық картасын жасау жұмыстары жүргізілуде. Құқық қорғау органдарында да халыққа қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында біршама жұмыстар атқарылған.

«Сонымен қатар бірінші басшылардың жауапкершілігін арттыру үшін де жұмыстар жүргізілді. Жұмыс топтары басшының жеке жауапкершілігі жөніндегі арнайы жадынама әзірлеп, қоғам талқылауына ұсынды. 16 наурыз күні аталған мәселеге орай қоғамдық талқылау өтеді.  Ал екінші тоқсаннан бастап  әрбір мемлекеттік органның бірінші басшысы оған қол қояды. Осылайша, мекеме ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар жүргізілмесе немесе тиісті деңгейде атқарылмаса, онда оның жауапкершілігін арттыратын құжат дайын болады», - деді ол.

Ж.Жылқышиеваның сөзіне қарағанда, құжатта мемлекеттік қызметтерді алу процестерін автоматтандыру, жұртшылықпен жүйелі кездесулер өткізу,  қызметкерлер сыйақыларының жариялылығын қамтамасыз ету, кәсіби қызметтің ашықтығы сынды мәселелерде бірінші басшының жауапкершілігі күшейтіледі.

Айта кетейік, семинарды ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп, мемлекеттік қызметшілердің әдеп деңгейін көтеру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында пікірталас түрінде өткізген болатын.