Атаулы стипендияны берудің мақсаты - оқу, ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыру, белсенді өмірлік ұстанымына ие, қабілетті, дарынды, бастамашыл және тәртіпті күндізгі бөлім студенттеріне материалдық қолдау көрсету, Тоқтар Әубәкіровтің ерліктерін қадірлей білуге тәрбиелеу болып табылады.
Атаулы стипендия табыстау салтанатында Тоқтар Әубәкіровтің өзі үздіктерге куәліктер, батырдың қолтаңбасымен өмірбаяндық кітаптар және естелік кәдесыйлар сыйға тартты.
Іс-шараға Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Асхат Оралов, «Тұран-Астана» университетінің профессорлары мен студенттері қатысты.
«Мемлекет дамуында жетістіктерге жету үшін еліміз дарынды жастарды қолдау қажеттігін Елбасымыз үнемі айтады. Алты жылдың ішінде дәстүрге айналған іс-шараның болашағы зор деп сенемін. Тоқтар Оңғарбайұлына және «Тұран-Астана» оқу орнының ұжымына алғыс айтқым келеді», - деді Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Асхат Оралов салтанатты жиында.
Атап айтқан жөн, атаулы стипендия 2011 жылдың 30 тамыз күні аталмыш оқу орынының ғылыми кеңесінің шешімімен құрылған болатын. Әр оқу жылы атаулы стипендия тек 5 үздік студентке ғана беріледі.