Астаналық театр Оралхан Бөкей шығармаларын сахналайды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры XXVII маусымын жапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әдетте, Қаллеки театры жаңа маусымды «Абай» трагедиясымен ашып, оны осы қойылыммен жабуды дәстүрге айналдырған. Себебі, Абай - театрға есімі берілген Қалибек Қуанышбаев шығармашылығындағы шоқтығы биік рөл еді. Бұл жолы театр маусымы Болат Ұзақов режиссерлік еткен «Шәмші» элегиясымен жабылды.


«Шәмші қазақ халқының сүйікті композиторы. Халық бұл спектакльді сүйеді. «Шәмші» қойылатын күні билеттер онлайн түрде тез сатылып кетеді. Оның үстіне «Шәмші» элегиясы - XXVII театр маусымында көрермендер назарына ұсынылған алғашқы премьера. Сондықтан, дәл осы спектакльмен маусымды жабуды ұйғардық», - деп түсіндірді Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының жетекшісі Айболат Сексембаев.

Театр басшысы XXVII театр маусымында көрерменге жол тартқан жаңа қойылымдарды атап өтті.

«Бұл маусым ұжым үшін өте табысты болды. Желтоқсан айында «Шәмші» элегиясының премьерасын ұсындық. Сәуір айында Астана қаласының 20 жылдығына орай Талғат Теменов сахналаған Уильям Шекспирдің «Отеллосы» қойылды. Маусым айында да Астананың 20 жылдығына арнап, Кен Кизидің «7 1» психологиялық драмасын қазақ тілінде сөйлеттік. Келесі маусымда Оралхан Бөкейдің шығармаларын және шетелдік классикалық шығармалардың бірін сахналауды жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Айта кетейік, театрдың жаңа маусымы 2018 жылдың қыркүйек айында ашылады. Елордалық көрермендер үшін театр маусымы аяқталғанымен, Қаллеки ұжымы елорданың 20 жылдығына арналған Астана қаласының мәдени күндері аясында гастрольдік сапарын жалғастырады.

Атап айтқанда, 18 шілде күні Семей қаласының тұрғындары назарына, 19-20 шілде күндері Өскемен қаласындағы көрермендерге Ұлықбек Есдәулет пен Нұрқанат Жақыпбайдың «Зере» қойылымы, М. Әуезов пен Ә.Оразбековтың «Абай» қойылымдары ұсынылады.