Астаналық түлектерге «Алтын белгілердің» тапсырылуына орай «Қазақ елі» монументі алаңында көлік қозғалысы шектеледі

АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Елордада бүгін, 20 маусымда сағат 09.00-ден 13.00-ге дейін және жұма, 21 маусым күні сағат 15.00-ден 21.00-ге дейін «Қазақ елі» монументі алаңында көлік қозғалысы шектеледі,

деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен. Көлік қозғалысының шектелуі қала мектептерін бітірушілерге «Алтын белгілерді» тапсыру салтанатына байланысты.

Тәуелсіздік даңғылында А.Байтұрсынұлы көшесінен Ж.Нәжімеденов көшесіне өтуге шектеу қойылады.

Осы жол бөлігінде Тәуелсіздік даңғылымен Қошқарбаев көшесі бағытына көліктер мына бағдармен жүреді: Тәуелсіздік даңғылынан - Байтұрсынұлы көшесіне солға бұрылу - Обаған көшесіне оңға бұрылу - Нәжімеденов көшесіне оңға бұрылу - содан Тәуелсіздік даңғылына солға бұрылып, Ш.Қалдаяқов көшесіне шығады. Кері бағытта Ш.Қалдаяқов көшесі бағытынан осы бағдар қайталанады.

Осы бағдар бойынша №4, №14, №21 бағыттағы қоғамдық көліктер де айналып жүреді.

Жоғарыда аталған салтанатқа қатысушылар мен келушілерге көліктерін «Хазірет Сұлтан» мешіті аумағындағы автотұраққа қою ұсынылады.