Астаналық ТЖД терек мамығы өрт қаупін күшейтетіндігін ескертті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жаз айларында елордада орын алатын өрттердің басым бөлігіне терек мамығы себеб болып отыр. Бұл туралы Астана қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ажар Рүстемова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық қорғау органдарына түрлі төтенше жағдайлардың, оның ішінде өртпен байланысты жағдайлардың санын азайту жөнінде бірқатар міндет қойды. Бүгінде Астана қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері азаматтарға төтенше жағдайларды азайту бойынша бірқатар үгіт-алдын алу жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік ережелері туралы ақпараттандырып жатыр», - деді ол елорда әкімдігінде өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, жыл сайын жаз айларының басында қаладағы өрттердің саны бірнеше есе артады. Оған көп жағдайда терек мамығы себеп болып отыр.

«2022 жылғы мамыр және маусым айларында елордалық ТЖД қызметкерлері терек мамығын сөндіруге 62 рет шықты. Көшелер мен аулалар қар сияқты терек мамығымен жабылады. Ал бұл өз кезегінде ықтимал өрт ошағына айналады», - деді Ажар Рүстемова.

Осыған орай ТЖД өкілі қазіргіуақытта өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, мамық жиналған жерлерді, әсіресе ағаш ғимараттарда үнемі тазалап отыру керектігін атап өтті.