Астаналық учаскелік полиция инспекторлары «Танысуға рұқсат етіңіз» шарасы аясында он мыңға жуық пәтерді тексерді

АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астаналық учаскелік полиция инспекторлары «Танысуға рұқсат етіңіз» шарасы аясында он мыңға жуық пәтерді тексерді. Бұл туралы бүгін апталық брифингте Астана қалалық ІІД-нің Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Н. Ораздың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты - учаскелік полиция инспекторларының, жалпы халық арасында ішкі істер органдарының беделін көтеру, азаматтармен өзара сенімде құрылған қарым-қатынастар орнату, әкімшілік учаскелерде қылмыс пен құқық бұзушылық фактілерінің алдын алу.

Тұрмыстық қайталанатын қылмыстардың, нашақорлық пен маскүнемдік, ұрлық, бұзақылық пен басқа да тәртіп бұзушылықтарды болдырмауға өз әсерін бермек. Мәселен, «Танысуға рұқсат етіңіз» шарасы барысында инспекторлар қаладағы 1468 құқықбұзушылықты анықтаған. Сонымен қатар 173 азамат алдын алу тіркеуіне алынды.

Акция кезінде учаскелік полиция инспекторлары 9911 пәтер мен үйлерді аралап, тұрғындарға байланыс ақпараттары бар парақшалар мен ақпараттық топтамалар таратты.