Астаналық ұстаздар мен оқушыларға арналған басылым жарық көрді

Фото: None
АСТАНА. 2 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Оқушылар сарайында Ұстаздар мерекесі қарсаңында мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналарға және жалпы көпшілікке арналған «Столичное образование» газетінің тұсауы кесілді.

«Басылым оқушылардың шығармашылық қабілетінің қалыптасуына, интеллектуалды жеке қажеттіліктерінің дамуына, балалардың өнегелі болып өсуіне қызмет етеді. Газет ашудағы басты мақсат - қалың көпшілікке Елорда мектептерінде қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеп жүрген мұғалімдердің еңбегінің шынайы болмысы, олардың жеке тұлға қалыптастырудағы рөлі мен орны туралы кең көлемде ақпарат беру», - деп атап өтті қалалық білім басқармасының басшысы Әсима Бимендина.

Газет қазақ және орыс тілдерінде айына екі рет жарық көреді. Таралымы - 1000 дана.

Бас редактор Бақыт Түлкібаеваның айтуынша, газетте «Шеберлік сырлары», «Жетістік студиясы», «Отбасылық тәрбие әліппесі», «Маман кеңесі» сияқты айдарлар болады.

Сондай-ақ, түрлі конкурстар ұйымдастырылып, танымдық мақалалар көптеп жарияланатын болады.