Астаналық үстел теннисінен әлемдік жарыстың чемпионы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астаналық спортшы үстел теннисінен әлемдік турдың чемпионы атанды. Кирилл Герасименко «ITTF World Tour» ақтық сынына өтіп, чемпион атанған Қазақстан тарихындағы алғашқы ойыншы, деп хабарлады Астанадағы арнайы мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінің баспасөз қызметі.

Будапештте үстел теннисінен осы маусымдағы алғашқы тур аяқталды. 21 жасқа дейінгі турнирде жоғары спорттық шеберлік мектебінің спортшысы Кирилл Герасименко ақтық ойында 3:2 (17:15, 6:11, 6:11, 11:7, 15:13) көрсеткішімен француз Аккуза Канды жеңіп, чемпион атанды.

Алғашында Кирилл даниялық спортшыны 3-0 есебімен жеңді. Екінші ойында Кирилл Герасименко 3:1 есебімен ресейлік Саади Исмаиловты басып озды. Одан кейін бельгиялық спортшы Алегро Мартиниді 3-2 есебімен жеңіп шықты.

Әлемдік турдың жартылай финалында спортшыға мықты қарсылас жолықты. Ресейлік Константин Черновпен өткен тартысты ойында Кирилл 3-1 есебімен басым түсті.