«Астаналық» велошабандоз Баскілер елінің турында жеңімпаз атанды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Астана» велоклубының шабандозы Альберто Контадор екі жыл қатарынан Баскілер елінің турында жеңімпаз атанды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Бұл тур биыл сәуірдің 6-сында өз жалауын көтерген болатын. А. Контадор сәрсенбі мен сенбі күндері 3 және 6 кезеңдерде үздік шықты. Сондай-ақ алты күндік бұл дүбірлі доданың жалпы қорытындысы бойынша негізгі жіктелімде жеңімпаз деп танылды. Бұл Альберто Контадор үшін көпкүндік жарыстардағы 10-шы ірі жеңіс болып отыр. Жалпы бұл байрақты бәсекеде қазақстандық кәсіпқой велоклубтың намысын А. Контадордан басқа Аймар Субельдиа, Даниэль Наварро, Крис Хорнер, Роман Киреев, Яни Брайкович, Хесус Эрнандес пен Хосе Луис Рубьера қорғаған болатын. Оларға клубтың спорт директорларынан Александр Шефер мен Шон Ятес жетекшілік жасады. Қазіргі таңда «Астана» велоклубының қоржынындағы 12 жеңістің жетеуі Албьерто Контадордың, төртеуі Леви Лейфаймердің, біреуі Андреас Клоденнің еншісінде болып отыр.