10:29, 09 Сәуір 2009
«Астаналық» велошабандоз Испаниядағы «Tour of the Basque Country» көпкүндігінің 3-ші кезеңінде үздік шықты
АЛМАТЫ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Астаналық» велошабандоз Испанияда өтіп жатқан «Tour of the Basque Country» көпкүндігінің 3-ші кезеңінде топ жарды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат «Астана» велоклубының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Сәуірдің 6-сы күні жалауын көтерген бұл байрақты бәсекеде 172,5 шақырымдық Villatuerta ? Arrate сайысында кеше Альберто Кондадор мәре сызығын бірінші боп кесіп өтті. Қазір ол 3 кезеңнің қорытындысы бойынша негізгі жіктелімде де көш бастап келе жатыр. Сәуірдің 11-іне дейін созылатын дүбірлі додада Альберто Контадордан басқа Аймар Субельдиа, Даниэль Наварро, Крис Хорнер, Роман Киреев, Яни Брайкович, Хесус Эрнандес пен Хосе Луис Рубьера бақ сынауда. Оларға клубтың спорт директорларынан Александр Шефер мен Шон Ятес жетекшілік жасауда. Жалпы қазіргі таңда «Астана» велоклубының қоржынында 10 жеңістің бесеуі Албьерто Контадордың, төртеуі Леви Лейфаймердің, біреуі Андреас Клоденнің еншісінде.