«Астаналық» велошабандоз Люксембург турының кіріспе кезеңінде жеңіске жетті
10:11, 04 Маусым 2009
АЛМАТЫ. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Астана» велоклубының шабандозы Грегори Раст кеше жалауы көтерілген Люксембург турының алғашқы кіріспе кезеңінде топ жарды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Биыл 69-шы рет өтіп жатқан бұл байрақты бәсекенің 2,7 шақырымдық кіріспесінде Грегори Раст мәре сызығын бірінші боп кесіп өтті. Үздік ондыққа оның командалас серіктерінен Асан Базаев (4-ші) пен Андреас Клоден (6-шы) енді. Бұл Г. Растың осы маусымда өз командасының қоржынына салған алғашқы жеңісі болып отыр. Жалпы Люксембург турында «Астана» клубының намысын Асан Базаев, Андреас Клоден мен Грегори Растан басқа Болат Райымбеков, Валерий Дмитриев, Дмитрий Муравьев, Максим Иглинский және Михаэль Шор қорғауда.