Астаналық жас суретшілер жерасты жаяу жүргіншілер өтпесінде көрме ұйымдастырды

АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Астана қаласының жас суретшілері Конгресс-холлға қарсы орналасқан жерасты жаяу жүргіншілер өтпесінде көрме ұйымдастырды, деп хабарлады "Хабар" агенттігі.

Осылайша олар бүгінгі жастардың басында бар нашақорлық, ішімдік, түсік жасату  сияқты ең өзекті проблемаларға қоғам назарын аудырғысы келген.

Көрмеге 25 туынды қойылыпты. Тақырыптары да әралуан. Жастар мәдениетінің төмендігін де суреттей білген жас қылқалам шеберлерінің шығармалары - бүгінгі күннің көптеген күрделі тақырыптарын қамтыған. Суицид, дін жолынан адасқандар мен ішімдікқұмар жастардың және темекіге әуес болашақ ана, бүгінгі бойжеткендердің бейнесі кескінделген картиналар жерасты жолынан өтіп жатқан жұртшылықтың назарында болды. Көп көрерменнің арасынан Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те табылды. Мәжілісменге жас суретші Гүлмарал Тәтібаеваның мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан құрылыстарды кескіндеген еңбегі ұнаған.

«Маған қатты әсер еткені, бұл - жастардың өздері көзбен көріп жүрген проблемалар. Мысалы, Астанада салынып жатқан үйлерді көрсеткен. Жеке қаржымен салынып жатқан үйлер тез, әрі сапалы бітеді де, ал бюджет арқылы жастарға деп салынып жатқан үйлердің бітіп болмауы, бітсе де сапасының нашар болып жататыны сияқты», - дейді Мұрат Әбенов.