Астаналық жастар Қазақстанның Ұлттық бірлік доктринасын талқылауда

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Ұлттық бірлік - жарқын болашақтың кепілі» тақырыбында жастар конференциясы басталды.

Еліміздің Ұлттық бірлік доктринасын насихаттауға арналған мәжілісте астаналық студент-жастар халықтар арасындағы өзара келісімді сақтау, этносаралық төзімділік қағидатын дамыту және ұлтаралық келісім идеясы аясында тәрбие беру мәселелерін талқылап, өзара пікір алмасуда.

«Қазақстанның экономикалық өсуі, әлеуметтік және демократиялық дамуы тек ел қоғамының бірлігі болған кезде ғана жүзеге аспақ. Осы орайда еліміздің Ұлттық бірлік доктринасының алар орнын ерекше атап өткен жөн. Бұл құжат қазақстандық қоғамның интеллектуалдық мүмкіндіктерін барынша жандандырып, әрбір азаматтың бостандықтары мен құқықтарын қорғауды көздейді. Осының негізінде Қазақстанның саяси-экономикалық, әлеуметтік және мемлекеттік басқару шараларының біртұтас жүйесі құрылады», - деп атап көрсетті өз сөзінде «Елорда - 2030» қоғамдық қорының президенті Бахтияр Жаманқұлов.