Астаналық жігіт су астында сүйіктісіне тосын ұсыныс жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының тұрғыны Қанат Баекенов сүйіктісіне үйлену туралы ұсынысты су астында жасады, деп хабарлады www.24.kz.

Жиырма сегіз жастағы жігіт қызы Лаураны қалалық океанариумға дайвингпен айналысуға шақырған. Алайда бойжеткен жігітінің ниеті жайлы бейхабар болған. Қанат Лаураға деген сезімін қағаз бетіне түсіріп, су астында көрсетті. Жиырма жастағы қыз тосыннан жасалған үйлену туралы ұсынысқа көп ойланбай-ақ келісімін берді. Жастар 7 жылдан бері таныс. Енді үйлену тойын жаңа жыл мерекесінен кейін өткіземіз деп жоспарлап отыр.

- Елімізде ешкім сүйіктісіне су астында, акулалардың арасында тұрмысқа шығу туралы ұсыныс жасап көрмеген. Мен достарыммен ақылдасып, сүйіктімді осылай қуантамын деп шештім. Бұл қауіпті емес, өйткені жанымызад арнайы дайындалған адамдар болды, - дейді Қанат.

Лауранң айтуынша, бұл оған тосын сый болған. «Терезеден қарасам, туыстарым мен достарым тұр. Қатты таң қалдым. Өте бақыттымын», - дейді ол.