Астаналық жүргізушілердің мойнында 1,3 млрд. теңгеге жуық айыппұл бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана жүргізушілері бюджетке айыппұл түрінде 1,3 млрд. теңгеге жуық ақша қарыз.

Бұл туралы бүгін Астана қаласының Ішкі істер департаменті Әкімшілік тәжірибе басқармасының басшысы Тахир Әбдірахманов мәлім етті.

Оның айтуына қарағанда, 2016 жылы Астанада 2 млрд. 231 млн. 443 мың. 916 теңге сомасына айыппұл салынған. Оның 41,4 % өтелген.

«Арнайы бақылау-өлшеу құралдарының көмегімен тіркелген әкімшілік құқықбұзушылықтарды полицейлер мекен жай бойынша бағыттап отырады. Бұл да айыппұлды өндіріп алу көрсеткішін  арттырады. Астана қаласы Ішкі істер департаменті ағымдағы жылдың тоғыз айы бойынша 303 мың. 181 әкімшілік құқықбұзушылық тіркеген, оның ішінде 293 мың. 294 әкімшілік іс бойынша 2 млрд. 231 млн. 443 мың. 916 теңге сомасына айыппұл салынды. Олар бойынша 925 млн. 576 мың. 121 теңге өндірілді», - деп атап өтті басқарма басшысы. 

Естеріңізге салсақ, әкімшілік айыппұлдар бойынша қарыздар болған жағдайда, қалаға кіру және шығу кезінде шлагбаумды жабатын жүйе іске қосылады. Полицейлер айыппұлды уақытылы төлеу жөнінде хабарламалар таратады. Құқықбұзушылықты жасағаннан кейін алғашқы  жеті күн ішінде айыппұлды төлеген жағдайда 50 пайыздық жеңілдік жасалады.