Қала әкімінің Facebook-тегі өз парақшасында 109 қызметі базасында құрылған «iKomek» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығын таныстырды. Аталған қызмет байланыстың барлық түрін қамтыған. Атап айтқанда, 109 стационарлық телефондары, Facebook-тегі топтар мен Telegram-дағы чат-боттар, сондай-ақ әлеуметтік желілерге, электрондық поштаға, Smart Astana (Android пен iOS-қа негізделген) мобильдік қосымшасына мониторинг жүргізу.
Шаһар басшысының айтуынша, аталған қызметтің арқасында қандай да бір мәселе бойынша қайда және қалай шағымдануға болатынын түсіну үшін әкімдікке барып, басқармалар мен коммуналдық кәсіпорындардың құрылымына енудің, телефон номірлерін іздеудің қажеті болмайды.
«Мейлі ол шатырдан аққан су, істен шыққан лифт, түнгі уақыттағы шу немесе судың, жылудың, электрэнергиясының болмауы, ашық қалған құдық,тазаланбаған қар не болмаса қаңғыбас жануарларға қатысты шағым болсын, кез келген өтініш тіркеледі және ол жауапты басқармаға жіберіліп, бақылауға алынады. Жалпы, штаттан тыс жағдайлардың 164 түріне жедел әрекет етудің алгоритмі жасалынған. Мәселелердің кейбірін сол мезетте немесе жарты сағат ішінде шешуге болса, аса қиын апаттардың алдын алу бірнеше сағатты қажет етуі мүмкін», - деді Әсет Исекешев.
Әкімдіктің деректеріне сәйкес, «iKomek» қызметіне былтыр тұрғындардан 400 мыңнан аса өтініш түскен. Ал ағымдағы жылдың басынан бері олардың саны 200 мыңнан асқан. Өз кезегінде, қалалық қызмет көрсету орталықтарына келетін азаматтардың саны 5 есеге азайған. Егер бұған дейін күніне 5 мыңға жуық адам келетін болса, қазіргі таңда олардың саны мыңға жақын.