Астаналықтар Алматы, Шымкент және Атырауға жиі ұшады
Елорданың ресми сайтының жазуынша, ішкі әуе жолы қатынасында жолаушылар тасымалы 1 490 774 адамды құрап, 2011 жылмен салыстырғанда 12%-ға жоғары болғандығы көрінеді. Сонымен ішкі бағытта жолаушылар Алматы, Шымкент және Атырауға жиі ұшқан. Ал халықаралық әуе желісінде 812 369 адам тасымалданып, өткен жылмен салыстырғанда жолаушыларға қызмет көрсету 25%-ға артқандығы байқалады. Алыс шетелдерге саяхат көбіне - Ыстамбұл, Әбу-Даби, Франкфурт және ТМД-дан Минск, Мәскеу қалаларына жасалған. 2012 жылы негізгі жолаушылар тасымалын халықаралық желіде «Трансаэро», «Аэросвит» және «Люфтганза» әуе компаниялары қамтамасыз еткен.
Астана әуежайы аталған бағыттардың жағрафиясы мен жиілігін үнемі кеңейтіп отырады. 2012 жылы «Air Astana» әуекомпаниясы Баку, Ташкент, Бейжің, Санкт-Петербург бағыттарында рейстер ашты. Мамыр айында «Трансаэро» әуекомпаниясы Мәскеу қаласына ұшатын рейстердің жиілігін сенбі сайын күніне екі рет қатынайтындай арттырды. 2012 жылдың 27 тамызынан бастап «China Southern» әуекомпаниясы Үрімші рейсін қайта жандандырды.