Астаналықтар автобустар қозғалысын Интернет арқылы бақылай алады
Елорданың ресми сайтының мәліметінше, аталған компания өткен жылы Астананың автобус паркін жарақтандыру жөніндегі gps-мониторинг жобасын орындаған болатын. Нәтижесінде онлайн тәртібіндегі жаңалық енгізіліп, аталған сайттан кез келген автобустың бағдарын бақылауға болады.
Компанияның атқарушы директоры Мұрат Тұрыспеков аталған сервисті өзінің балалары үнемі пайдаланатынын айтып берді. «Олар тізімнен керекті автобусын тауып алады да, оның қажетті аялдамадан қанша қашықтықта екендігін анықтайды. Сөйтіп, қыста аязға тоңбай, үйден автобус аялдамаға дәл келер кезде шыға қояды», - дейді.
Сондай-ақ, ол электронды картаның көмегімен автобустың қандай жылдамдықпен жүріп келе жатқанын, жүргізушінің бағдардан басқа жаққа ауытқымағанын анық біліп отыруға болатынын да хабарлады.
Компанияның атқарушы директорының айтуынша, сервиске компьютермен қатар ұялы телефондардан, яғни Android тұғырында смартфондардан да кіре беруге болады. «Осы сервистің мүмкіндіктері туралы жан-жақты айтылған Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенттерімен кездесу өткізілді. Енді студенттер өздерінің ұялы телефондарының көмегімен керекті автобустарын бақылап, дәл уақытында шығады. Бұрынғыдай аялдамада босқа тұрып уақыт өткізбейді», - деді Мұрат Тұрыспеков.