Астаналықтар BI Group-тан заңға қайшы болса да берген уәделерін орындауды талап етіп отыр

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Арман қала» тұрғын үй кешенінің пәтер иеленушілері «BI Group» құрылыс компаниясынан шұғыл түрде шлагбаум орнатуды талап етіп отыр. Алайда заң бойынша ондай тосқауылдарды орнатуға рұқсат жоқ, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетерлігі, «Арман қала» тұрғын үй кешенінің қақ ортасында орналасқан Назарбаев зияткерлік мектебіне балаларын көлікпен әкеліп-әкететін ата-аналардың санында шек жоқ. Салдарынан мектептің екі жағындағы жолдарда ұзын-сонар кептелістер болады. Сосын кейбір көлік жүргізушілері аулалардың арасымен қатты жүріп, адам өміріне қауіп төндіреді. Тіпті кептелістің салдарынан «Арман қала» тұрғындарының өзі ауланың ішінде қамалып қалған екен. Сол себепті тұрғындар «BI Group» компаниясынан «орнатамыз» деген шлагбаумдарды қоюды талап етіп отыр.
 

Сонымен қатар, тұрғындардың айтуынша, «BI Group» компаниясы аталған құрылысқа жарнама жасағанда «Қауіпсіз аула» болады деп уәде берген. Аталған бастама аясында ата-аналар аулада ойнайтын балалар үшін ешбір алаңдамауы тиіс болатын. Себебі әрбір ауланың екі жағында шлагбаум орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігіне барынша көңіл бөлінеді деген жоспар болған. Дегенмен, пәтерлерді сатып алғаннан кейін тұрғындар «шлагбаумды орнатуға болмайды» деген шектеуге тап болды. «Ол қалай? Осы үйді сатқан кезде бізге қауіпсіз аула болады деп жарнама жасаған. Шлагбаум болады деді. Енді, келіп, рұқсат жоқ дейді. Олай болмайды! Сіздер мына жерде таңертең және кешке қарай не болатынын келіп көріңіздер. Мектептің айналасы машинаға толып кетеді. Оқушылардың ата-аналары асығып жүріп, ауланың ішімен жүреді. Өткенде тура осы жерде бір баланы қағып кетті. Қайта ол бала аман қалды. Қазір біз өз балаларымызды далаға шығаруға қорқатын болдық», - дейді Шынар есімді тұрғын.
 

Тоқтала кететін жайт, әу баста BI Group жолдағы жасанды кедергілерді орнатып көрген. Алайда жұмысқа асығатын көлік жүргізушілері оған қарамай, қатты жылдамдықпен жүйткігеннен кейін бірнеше үйдің ауласына шлагбаумдарды орнатты. Дегенмен, бұларды әзірше іске қоспай отыр. Аталған тосқауылдар мектепті айналып өтетін екі жолды жауып тұрған жоқ. «Енді, біз заң бойынша жалпыға ортақ жерлерде тосқауылдарды орнатуға болмайтынын білеміз. Сондықтан тек балалар ойнайтын аулаларды ғана екі жақтан жауып отырмыз. Үйдің тұрғындары сұрағаннан кейін орнаттық. Бұл - тұрғындардың өтініші, олардың қауіпсіздігі. Ең бастысы, Назарбаев зияткерлік мектебіне баратын екі жолды жауып жатқан жоқпыз. Ал шлагбаумдар үшін жауапкершілікті тұрғындар өз мойындарына алды. Ол - жалпы жиналыстың шешімі. Ертең төтенше жағдайлар қызметі ол шлагбаумдарды бұзып тастаса да, тұрғындар өздері жауап береді», - дейді «Арман қала» тұрғын үй кешеніне қызмет көрсетуші компания - «Астана Жилсервис» ЖШС («BI Group» құрылыс компаниясының еншілес кәсіпорны - авт.) менеджері Айжан Жаңабаева. Оның айтуынша, төтенше жағдайда кезекші сантеxник шығып, шлагбаумдарды ашып отырады.
 

Алдағы уақытта «Арман қала» тұрғын үй кешенінің тұрғындары Назарбаев зияткерлік мектебіне жақын тұрған үйлердің аулаларына да шлагбаум орнату мәселесін талқыға салмақ. Ол құрылғыларды орнатқан жағдайда оқушылардың ата-аналары тек мектепке іргелес екі жолмен ғана жүре алады. Ал әрбір жолдың жиегінде жергілікті тұрғындардың көлігі тұрғанын ескерсек, барлық шлагбаумдарды орнатып, іске қосқаннан кейін Назарбаев зияткерлік мектебіне бала алып келетін көлік жүргізушілері қатты қиналып қалатын сыңайлы. Себебі аталған мектеп мыңға жуық оқушыға арналған.
 

Соңғы жаңалықтар