«Иә, соңғы рет нанды желтоқсанның 31-і күні әкелген. Міне, содан қалғаны - екі бөлке. Кешеден бері тұр. Ешкім алмайды. Енді, бізге нан әкеліп жүргендер - жеке меншік наубайханалар. Олар кешеден бері дем алып жатыр-ау деймін. Бүгін нан келе ме,жоқ па, оны айта алмаймын. Күніне екі рет, таңертең және кешкі уақытта жаңа піскен нанды әкеліп жүретін», - дейді Алмагүл есімді дүкен сатушысы.
Бес қабатты үйдің астында орналасқан тағы бір дүкеннің сатушысы Нағима да нанның екі күннен бері жеткізілмей отырғанын растап отыр. «Соңғы рет жаңа жылдың алдында бір рет әкелген.Содан бері әлі келген жоқ. Дем аламыз деген. Бүгін келмейді. Ертең таратуды бастайды-ау деймін», - дейді ол. Оның сөзіне қарағанда, ұсақ дүкендердің бәрі екі күннен бері нансыз отыр. Ал ірі сауда орталықтарында жаңа піскен нан бар. Себебі ондай жерлерде наубайханалар демалыссыз істейді.
Дегенмен, астаналықтар наубайханалардың бәріне бірдей нан таратқан дұрыс деп санайды. Өйткені кейбір жерлерде ірі сауда орталықтары шалғай орналасқан. «Мен таң атқаннан бері 4-5дүкенді аралап шықтым. Бәрінде де нан жоқ. Болса да, қатып қалған. Амал жоқ. Сауда орталығына автобуспен бардым. Бірақ ол жерде наубайхана жоқ. Нанды алдым. Қаңтардың 2-сі күні деп жазылған. Бірақ оның өзі бүгін піскен нанға ұқсамайды», - дейді Нұрлан есімді қала тұрғыны.