Мерекелік шеру Астаналық цирк жанынан басталып, Қабанбай батыр даңғылымен, Достық көшесімен, Түркістан және Қонаев көшелерімен жүріп, Астаналық циркке келіп тоқтады.
Фестиваль қатысушылары үлкен автобусқа мінді. Шеруді жануарлар, аттар, пони, түйелер бастап жүрді. Өтіп бара жатқан адамдар мен көлік жүргізушілері парад қатысушыларын қошеметтеп, естелікке суретке түсті.
«Әдеттегідей, жалпы, цирк өнерін кеңінен тарату үшін фестивальді кавалькададан бастадық. Тағы да бір шеру өткізуді жоспарлап отырмыз», деді Астаналық цирктің шығармашылық даму жөніндегі кеңесшісі Владислав Бернацкий.
Оның айтуынша, биыл Астаналық цирк көрермендерін жаңа номермен таң қалдырмақ. Екі әртіс күрделі жанр - штейн-трапта өнер көрсетпек. Цирк өнері марафонына сегіз мемлекеттің әртістері қатысады. Беларусь, Голландия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Түркіменстан және Эфиопия елдерінің дүниежүзілік фестивальдердің жүлдегерлері мен лауреаттары, өз жанрларындағы хас шеберлер, цирк өнеріндегі әулеттердің ұрпақтары өздерінің виртуоздық көрсетілімдерін қонақтардың назарына ұсынатын болады. Әртістердің көбі елордалық цирк күмбезінің астында алғаш рет өнер көрсететін болады.
«Биыл фестивальге бұрын-соңды Қазақстанда болмаған экзотикалық жануарлар қатысады. Ресейден үйретілген керік пен мүйізтұмсық әкелінеді. Керік үшін төбелерді алып тастауға тура келді. Енді ол манежге өте алады, қазір дайындалып жатыр», - дейді Владислав Бернацкий.
Қала тұрғындары мен қонақтары цирк өнері фестивалін шілденің 2-сі мен 7-сі аралығында тамашалайды.