Астаналықтар қалалық даму акселераторының жұмысына белсене қатысуда

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Таяу күндері кондоминимум тұрғындарының көптеген проблемалары: көлік, қаланы санитарлық тазарту және басқа да мәселелер даму акселераторының көмегі арқылы елорданың белсенді тұрғындарының араласуымен бірлесіп шешілетін болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астаналық Гуля Әбдірова акселератор туралы әлеуметтік желіден білген.

«Акселератор туралы фейсбуктен білдім. Оның проблеманы 100 күннің ішінде шешу туралы ұсынысы ұнады. Өз өтінішімді жібердім, жауап ретінде мені кездесуге шақырды», - деді ол.

Гуля Әбдірованың ерекшелігі - өмірлік ұстанымы, мәселеге бей-жай қарамайтыны. Ол зор құлшыныспен қалалық жобаға қатысуда.

«Адамдар жүрген жерінің бәрінде шағым айтады. Бірақ қалай жақсартуға болады деген өз идеясы, жобасымен бөлісуге болады ғой. Мен осы мүмкіндікті пайдаланып, топқа қосылдым. Қала билігі тұрғындармен тікелей жұмыс істейтіні өте жақсы, себебі, біз – бүкіл қызметтердің алатын соңғы тұтынушымыз. Пікір алмасып, өзара тығыз байланыс барын көру - қуаныш», - деп қосты ол.

Гуляның ұстанымын елорданың тағы бір тұрғыны Гульвира Әбетова да бөлісіп отыр.

«Мен ПИК проблемаларының тобына мүшемін. Жекелеген проблемаларды акселератордың көмегімен шешуге болады деп есептеймін. ПИК проблемаларына назар аударылса екен», - дейді Гульвира Әбетова.

Қалалық даму акселераторы – ол әкімдіктің тұрғындармен ашық жұмыс істеу форматы, елорданың белсенді тұрғындарының қала тіршілігіне қатысты мәселелерді бағынышты құрылымдар және жеке компаниялармен бірлесіп жұмыс істейтін бірыңғай алаң.

Оның қызметінің нәтижелері ресми сайтта және Smart Astana мобильді қосымшасында жарияланады.