2018 жылдың 1 қазанындағы мәліметтерге сәйкес, көлік салығы бойынша 734 мың қазақстандық қарыз. Жалпы қарыз сомасы 18,9 млрд теңге болса, оның 13,9 млрд теңгесі ғана - негізгі қарыз, қалғаны үстеме өсім.
Сонымен бірге, Мемлекеттік кірістер комитеті келтірген деректерге сүйенсек, 2,5 млрд теңге қарыз Астанада тұратын 80 мың автокөлік иелеріне тиесілі. Бұл республика бойынша жалпы қарыздың 13 проценті.
«Қарыз сомасы бойынша талдау жүргізіп көрдік. Мәселе, Астана бойынша 86% астам борышкердің қарызы 50 мың теңгеге жетпейді. 49% қарызы - 1-10 мың теңге аралығында. Бұл айтарлықтай көлемді сома емес. 37% немесе 29 мың 800 борышкердің қарызы 10 мыңнан 50 мың теңгеге дейін жетеді. 100 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейінгі қарыз борышкерлердің 5%-інде ғана. 191 тұрғын 1 миллион теңгеден астам сомаға қарыз. Бұл - жалпы көлемнің 0,2% ғана», - деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер депаратментінің борыштармен жұмыс басқармасының басшысы Айнұр Көлшікова.
Оның айтуынша, Астанада салық қарызы туралы ескертуге арналған рейд өтеді. Оған «Сергек» кешендерінің мүмкіндіктері де қолданылады.
«Борышкерлер туралы ақпарат кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялар басқармасына жіберіледі, онда база жасақталып, Астана ІІД жол-патрульдік полициясының планшеттеріне хабарланады», - деп түсіндірді А. Көлшікова.
Айта кетерлігі, көлік құралдары жолда жүру ережесін бұзғанда ғана тоқтатылады.
Салық қарызы туралы ескертуді табыстаған соң, 30 жұмыс күні ішінде қарыз төленбесе, Мемлекеттік кірістер органы сот орындаушылар арқылы қарызды өндіріп алу үшін салық бұйрығын шығарады.