Астаналықтар ҚР Президентінің сайлауына қатысуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 26 сәуірде, Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы өтіп жатыр. Таңғы сағат 07.00 бастап елімізде сайлау учаскелері ашылды, барлық сайлаушылар өз дауысын кешкі сағат 20.00 дейін (жергілікті уақыт бойынша) бере алады, деп хабарлады Астана әкімінің баспасөз қызметі.

Астана қаласының №104 сайлау учаскесінде де ҚР Президентінің сайлауы өтуде. Мұнда жергілікті сайлау комиссиясының төрағасы Айман Дүйсенованың, БАҚ өкілдерінің және тәуелсіз бақылаушылардың қатысуымен ресми ашылу өтті. Алғашқы 50 тұрғынға, әр жүзінші сайлаушыға, ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне сыйлықтар табысталды.

Өмірінде бірінші рет дауыс беру науқанына қатысушылардың бірі - Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Рамазан Рымбеков.

- Мен бұл сайлауға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Ең алдымен мен тұрақтылық пен Қазақстанның гүлденуі үшін дауыс беремін, - деді Рамазан.

Атап өтейік, Астана қаласында 254 сайлау учаскесі тіркелген, олардың 189 жергілікті жерде, 65 шетелдік елшіліктерде. Астана қаласында 400 мыңнан астам сайлаушы тіркелген.