«#шаханкөмек шарасы осымен тәмам. Астанада ұйымдастырылған бұл шарада елордалықтар аса жоғары белсенділік танытты. Ерлан Саиров ағамызбен алғаш ақылдасып, шаруаны бастағанда мұндай болады деп күтпеген едік. Жасырмаймыз, ары кетсе, 20-30 адам келер деп үміттенгенбіз. Бірақ, өз отандасына деген жанашырлық, елдің бірлігі өте жоғары деңгейде екен. Соған көзіміз жетіп, қуандық. Астанадан бөлек, елдің түкпір-түкпірінен көмек қолын созғысы келген ағайында есеп жоқ. Телефонымыз тыным таппады. Хабарласып жатқандар өте көп, біріне жауап берсең, екіншісі желіде күтіп тұрды. Ватсап, мессенджер деген сияқты қосымшалар хатқа толып қалды. Мұның барлығы біздің қоғамның санасының өскендігін, бір-біріне деген бауырмалдық, ағайындық сүйіспеншілік пен құрметтің жоғалмағандығын көрсетеді. Қазақ халқы қай заманда да өз жақынын далаға қалдырмаған, қиын жағдайда қолұшын берген, нанын бөлісіп жеген. Кім не десе де, бұл қасиет біздің бойымызда сақталған екен! Тәуба!», - деп жазды ол.
Сондай-ақ Ақберен Елгезек шараны бастаған сәтте кейбіреулердің оған сыни көзбен қарағандығын да атап өткен.
«Қош, сонымен ақ пен қара араласқан бұл өмірде бәрі болады. Шахандағы болған жағдай күллі қазақтың қабырғасын қайыстырды. Арамыздан ажал алып кеткен марқұмдарға дұға тілеп, тіріге тіреуге иығымызды ұсындық. Артық-кем кеткен жеріміз болса, ғафу қыларсыздар. Жылы киім, азық-түлік мол жиналды. Бүгін осы халықтың қолымен жиналған дүние Шахандағы зардап шеккен ағайынға жөнелтіледі. Баршаңызға көп рахмет айтамыз! Алла істеріңізге береке берсін! Елімізде енді мұндай жағдай ешқашан қайталанбасын! Аман-есен болайық, болашағымыз жарқын болғай!», - деп жазды Елгезек.