Астаналықтар «тірі» тарихпен танысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында ҚР Ұлттық музейінде «Музей түні» акциясы салтанатты түрде ашылды. Бұл түні экспонаттардың тірілуін тамашалау үшін 3 мыңға жуық адам барды.

Ерекше акцияның ашылуында ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мухамедиұлы сөз сөйлеп, ұйымдастырылып отырған жұмыс Орталық Азиядағы ауқымды шара екенін атап өтті.

Музейдің ғылыми хатшысы, тарих ғылымдарының докторы Роза Қадысованың айтуынша, музейде жеті негізгі зал, төрт уақытша көрме қойылып, 14 мың экспонат (музейде барлығы 160 мың) көрермен назарына ұсынылды. Қонақтарға әртүрлі тақырыптағы көрмелер, қойылымдар қойылды. Соның ішіндегі ең қызықтысы - үңгірде өмір сүрген алғашқы қауымдық құрылыстағы адамдар.