«Ертұғырыл 1890» фильмі - тарихи және драмалық жанрдағы жапон және түрік продюссерлерінің бірлескен ортақ кинотуындысы. Режиссері Мициоши Танака болып табылатын фильмде қос елдің Сейо Учино, Кенан Эдже, Шиоли Куцуна, Алижан Юджесой, Угуо Полат, Мехмет Өзгүр, Дениз Орал және Тамер Левент сияқты танымал актерлері әртүрлі рөлдерді сомдаған.
Фильмге екі тарихи оқиға кезінде орын алған жапон мен түрік елдерінің шынайы достығы арқау болған. Кинотуынды 1890 жылы Жапонияда теңізге батып кеткен Осман империясының фрегаты «Ертұғырылдың» хикаясынан басталады. Оқиға желісі бойынша Жапон императорының Ыстанбұлға сапарынан кейін 600-ден астам түрік теңіз әскері Жапонияға «Ертұғырыл» атты кемемен бет алған болатын. Алайда, қайтар жолда ауа райының қолайсыздығынан кеме жартасқа соғылып, апатқа ұшырайды. Түрік әскерлеріне теңіздің жағасында тұратын қарапайым жапон халқы қол ұшын созады. Түркияның «Титанигі» аталып кеткен кеме апатынан тек 69 әскери ғана тірі қалады...
Фильм 1985 жылы Ирак-Иран соғысы кезіндегі Тегерандағы жапон-түрік достығының көріністерімен жалғасын табады. Саддам Хусейн 24 сағат ішінде Тегеран әуежайын бомбалау туралы бұйрық береді. Дәл осы кезде Иранда қызмет ететін 215 жапон азаматын сол кезеңдегі Түркия Президенті Тұрғұт Өзалдың тапсырмасымен Түрік әуе жолдары құтқарады. Бұл оқиғаны қарапайым жұртшылық жапондардың «Ертұғырыл» кемесіне көрсеткен көмегіне түріктердің алғысы ретінде қабылдаған еді.
«Ертұғырыл» фильмі 25 қарашада «Керуен» ОСО-да сағат 17.00-де көрсетіледі. Кіру тегін.