Дәстүр бойынша Астанаға Жеңіс күнін тойлауға барлық аймақтардан ардегерлер шақырылды. Жеңіс мерекесіне 500-ге жуық ҰОС ардагері, тыл еңбеккерлері, сонымен қатар, елорда тұрғындары мен қонақтары жиналды. Мерекелік шара аясында ардагерлер үшін соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, елорданың шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, алаңда шатырлар тігіліп, майдангерлердің құрметіне мерекелік дастархан жайылды. Ұлы Отан соғысының ардагері, Павлодар өңірінен келген Егор Повлягин 1943 жылы Моңғол халық республикасына әскер қатарына шақырылған болатын. Әскер Кеңес одағының шығыс шекарасын күзетті. - 1945 жылы Германияны жеңгеннен кейін мен Ұлы Жеңісті Моңғол жерінде қарсы алдым. Бұл біз үшін ұлы қуаныш еді, әскерилердің сол кездегі қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес, - деп еске алады Е. Повлягин. Ардагерлер барша қазақстандықтарға береке мен бірлік, ашық аспан мен бейбіт өмір тіледі. Бүгін Ұлы Жеңістің 70 жылдығының құрметіне елордалықтар үшін халықтық серуендер мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылуда. - Құрметті ардагерлер, бүгін, 9 мамыр - Жеңістің 70 жылдығын тойлап жатырмыз. Шын жүректен ардагерлерге тілейтінім дендері сау болсын, өмірлері ұзақ болсын, аспанымыз ашық болсын. Тек қана жақсылық болсын, - деді Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Әбуева. Айта кетейік, қазіргі уақытта Астана қаласында 206 ҰОС ардагері тұрады.
16:02, 09 Мамыр 2015
Астаналықтар Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтті (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Отан қорғаушылар» монументі алдындағы алаңда Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік шаралар өтті, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.