Астаналықтар үшін әлеуметтік төлемақының көлемін арттыру ұсынылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға берілетін төлемнің көлемін арттыру ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік мұқтаж жандарға берілетін төлемақы көлемін арттыру бастамасын Нұр-Сұлтан қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Илья Скуб көтерді.

«Құрметті депутаттар сіздердің назарларыңызға Астана қаласы мәслихатының 2017 жылғы 12 желтоқсандағы № 221/25-VI шешіміне сәйкес қабылданған әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж жандардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау туралы қағидаға өзгеріс енгізу ұсынылады. Жаңа қағидаға сәйкес мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көлемін 90 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) 130 АЕК-ке дейін көбейту ұсынылып отыр. Ол үшін бюджеттен қосымша 18, 4 млн теңге қажет», - деді Илья Скуб елорда мәслихатының отырысында.

Сондай-ақ, басқарма басшысының міндетін атқарушы депутаттардан аталған бастаманы қолдауын сұрады.

«Өткен жылы аталған әлеуметтік көмек елордада 163 адамға көрсетілді. Жұмсалған сома 42,7 млн теңге. Биыл жыл басталғалы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардан 73 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 51 жанның өтініші бойынша әлеуметтік төлем жасалды. Ол үшін 13,7 млн теңге бөлінді. Қалған 23 өтінім қаралып жатыр. Былтыр жалпы саны 200 астаналық отбасы қамтылды. Биыл көрсетілетін әлеуметтік көмекті 200-250 отбасыға дейін өсіру жоспарланып отыр. Көмекке мұқтаж жандардың саны артқан жағдайда қосымша бюджеттен қаржы қарастыратын боламыз», - дейді ол.