Астаналықтар жүгіре жүріп қоқыс жинайтын болады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында жүгіре жүріп қоқыс жинауға арналған акция өтеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.

«Менің қалам - таза қала» акциясын елорда әкімдігінің қолдауымен «Спарта Астана» эко-клубы, «Таза қала үшін» эко-қозғалысы және «Спарта Астана» қозғалыс клубы өткізеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, плоггинг - жүгіре отырып қоқыс жинау. Ол бір мезетте екі істі жасауға бағытталған. Біріншіден, бұл - физикалық белсенділік, екіншіден - қоршаған ортаны қорғау. Іс-шараға кез келген азамат қатыса алады.

«Бұл жерде қатты жүгіру немесе мәреге бірінші жету міндетті емес. Акцияға балалар, қарттар, жастар, жалпы қаламызды, елімізді таза, қоқыссыз көргісі келетіндердің барлығы қатыса алды», - деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Акцияға қатысуға ниет білдіргендер 7 сәуірде төрт жерде жиналады: сағат 11:00-де - Орталық саябақта (сағат алдындағы алаңда); сағат 10:00-де - Ботаникалық бақта (Түркістан көшесіне қарайтын бақтың бас кіреберісінде); сағат 10:00-де - Триатлон-паркте (Мюзик-холл маңындағы тұрақта); сағат 10:00-де - Кеңесары ханның ескерткішінің алдында.

Белгіленген жерлерде оларды белсенділер қарсы алады. Басты шарт - әркімде қоқыс жинауға арналған пакеттің болуы. Плоггинг аясында ең ауыр, ең көп қоқыс жинаған адамды анықтау конкурсы да ұйымдастырылады. Әр саябақта белсенділер жиналған қоқысты өлшеп ең ауырын, ең үлкенін анықтайтын болады. Одан бөлек, қоқысты бөліп жинау бойынша шеберлік-сабағы өтеді. Сұрыпталған қоқыс бірден қайта өндеуге жөнелтіледі.