Ресми мәліметке сәйкес, соңғы он айдың ішінде Астанада 564 өрт оқиғасы тіркелді. Қаза болған 6 адамның үшеуі - бала. Бұдан бөлек, жүздеген адам жарақат алды. Ал өрт оқиғаларынан келген материалдық шығын 64 млн 387 мың теңгені құрады. Жылу маусымы кезінде өрт оқиғалары жиі болады. Себебі адамдар көмір жағып, сан алуан жылыту құралдарын қолданады. Осыған байланысты астаналық өрт сөндірушілер мен құтқарушылар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес беріп отыр.
«Иә, жылыту маусымы кезінде жеке секторда өрт оқиғалары күннен күнге көбейіп келеді. Себебі пештерді дұрыс жақпайды, мұржалар мен пештің құдықтарын уақытында тазаламайды. Сосын Астананың халқы өсіп жатыр, тұрғын үйлер де артып келеді. Саяжайларда тұратын адамдар да аз емес. Негізі, ондай жерлерде тек жазғы уақытта ғана тұрады. Ондағы құрылыс нысандары да сол мезгілге есептелген. Адамдар болса, пештерді орнатып, талапқа келмейтін құрылғыларды жиі пайдаланады. Соның салдарынан өрт оқиғалары да болады», - дейді Астананың өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының өкілі, азаматтық қорғау капитаны Мұрат Мадыбеков.