Астананы тасқыннан қорғау: су қоймасы мен қорғаныс нысандары жаңғыртылады

АСТАНА. KAZINFORM — Астана су қоймасы алғаш рет күрделі жөндеуден өтеді. Қазіргі уақытта жобаға қатысты қажетті құжаттар әзірленіп жатыр. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турында Су шаруашылығы комитетінің мамандары мәлімдеді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Жарты ғасырдан кейінгі жаңару

Астана су қоймасының жалпы сыйымдылығы — 410,9 млн текше метр, ал пайдалы көлемі — 375,4 млн текше метр. Су қоймасының негізгі міндеті — елорда тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету. Жыл сайын оның шамамен 110 млн текше метрі халықтың қажеттілігіне пайдаланылады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Жалпы нысан 1970 жылы салынған. Содан бері жарты ғасыр бойы үздіксіз жұмыс істеп келеді. Тағы 50 жыл берік қызмет ету үшін гидроторапты ауқымды жөндеуден өтпек. Су қоймасының бөгеті де, тасқын су өткізгіші де жаңартылады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Жоба аясында бөгет, тасқын су өткізгіш, сондай-ақ бөгет жотасы арқылы өтетін ұзындығы шамамен 1 шақырым автомобиль жолы мен көпір қайта жаңғыртылады. Бұдан бөлек, бейнебақылау, мониторинг және ерте хабарлау жүйелері орнатылады, — деді Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев.

Жоба аясында суды басқару және есепке алудың автоматтандырылған жүйелері енгізіледі. Мамандардың айтуынша, бұл су деңгейі мен ағынын нақты бақылауға мүмкіндік береді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Автоматтандырылған жүйе іске қосылғаннан кейін су қоймасына қанша су келіп жатқанын және қанша су жіберіліп жатқанын нақты көре аламыз. Әсіресе, тасқын кезеңінде келетін су көлеміне қарай су жіберу режимін жедел реттейміз. Барлық мәлімет автоматтандырылған диспетчерлік орталықта нақты уақыт режимінде көрсетіліп тұрады, — деді Арсен Жақанбаев.

Оның айтуынша, талай жыл бойы су түбіне шөгінділер мен балдырлар жиналып, қоқыс та түскен. Соның салдарынан су қоймасының нақты сыйымдылығы өзгеруі мүмкін. Автоматтандырылған жүйелер осы көрсеткіштердің барлығын тұрақты бақылап, нақты деректерді алуға мүмкіндік береді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Бүгінде су қоймасын жаңғырту жобасы әзірленіп, қажетті қаржы көлемі есептелген. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін жобаны қаржыландыру мәселесі қарастырылады.

–Жоба халықты ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге, Есіл өзенінің ағынын тиімді реттеуге және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған, — деді ол.

Астана қорғаныс бөгетінің реконструкциясы 2027 жылы аяқталады

Астана қаласының қорғаныс бөгеті де реконструкциядан өтеді. Бұл нысанда жөндеу жұмыстары басталып кеткен.

— Бұған дейін Астана су қоймасында болдық. Су тасқыны кезінде ол нысанда су көлемі артқан жағдайда, артық су осы гидроқұрылыс реттегіш арқылы жинақталады. Оның негізгі мақсаты — үлкен көлемдегі су ағынын бірден Астана қаласына жібермей, қауіптің алдын алу, — деді Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Елде климат өзгеріп, алда-жалда елорда маныңда су тасқыны қаупі күшейсе, дәл осы нысан қорғайды. Сондықтан мұнда ұзындығы 4 шақырымнан асатын жаңа бөгет салынып, су ағынын автоматты түрде реттейтін заманауи жүйе енгізіліп жатыр.

— Жоба аясында алдын ала ескерту және ерте хабарлау жүйелері орнатылады. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар басталды. Жобаны келесі жылы толық аяқтау жоспарланып отыр, — деді ол.

Астана қаласының қорғаныс бөгеті енді су тасқыны кезінде суды реттеп қана қоймай, заманауи жүйелер арқылы қауіп-қатерді алдын ала анықтайды. Тәуекелдерді басқарудың тың тәсілі Нидерланд, Ұлыбритания, Италия, Канада сияқты елдерде кеңінен қолданылады екен. Енді бұл тәжірибе Қазақстанда да жүзеге асырылады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Бөгетте секундына 238,4 текше метрге дейін су өткізе алатын автоматтандырылған апатты су тастағыш орнатылады. Сонымен қатар 23,1 шақырымдық канал қазылып жатыр. Бұл көктемгі тасқын кезінде артық суды Нұра өзені бассейніне қауіпсіз бұрып, қалаға су жібермейді, — деді Су шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков.

Арсен Жақанбаевтың айтуынша, бұл жөндеу жұмыстары бөгеттің алдағы ондаған жыл бойы сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін стратегиялық инвестиция.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Астанада апаттық су бұру каналы салынып жатыр

БАҚ өкілдеріне көрсетілген тағы бір нысан — апаттық су бұру каналы. Оның ұзындығы 23 шақырым. Құрылыс жұмыстары биыл сәуір айында басталған.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

 

Бұл канал не үшін қажет десеңіз, Астана су қоймасы толған жағдайда артық су қаланың қорғаныс бөгетіне жіберледі. Ал сол контрреттегіш су 450 млн текше метрге жеткенде автоматты су ағызу жүйесі іске қосылып, су осы каналға келеді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Бұл тек төтенше жағдайда ғана қолданылатын жүйе. Артық су осы каналға кезең-кезеңімен жіберіледі. Одан кейін канал су ағынын Нұра өзеніне бағыттайды. Мұнда да шлюз қақпалары орнатылған, сондықтан жүйе толық бақылауда болады. Жобаның басты мақсаты — Астана қаласын су тасқыны қаупінен қорғау, — деді жоба жетекшісі Александр Попов.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Каналды қазу жұмыстарының жалпы көлемі 11 млн текше метр. Бүгінде оның 5 млн текше метрі орындалған. Александр Поповтың айтуынша, қазылған топырақ каналдың оң және сол жағындағы еңістерді нығайту үшін екі метр биіктікке дейін төселеді.

— Қазіргі уақытта құрылыс техникасының саны арттырылды. Бір ауысымда шамамен 40 мың текше метр топырақ қазылады. Жобаны осы жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Ал жобаның нақты бюджетіне қатысты есептеулер әлі де нақтыланып жатыр, — деді жоба жетекшісі.