Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Ілиясовтың айтуынша, 2025 жылы қала шекарасын белгілеу бойынша жүргізілген жұмыстардың қорытындысы негізінде Астананың нақты шекаралары мен әкімшілік аудандарының аумақтары нақтыланған.
Қаланың жалпы аумағы 79 733 гектарды құрады. Сонымен қатар өзен арнасы бойымен өтетін кейбір аудандық шекараларда аумақтардың нақты өзгеруі орын алып, әкімшілік аудандардың шекаралары мен көлемі қайта айқындалды.
– Аталған нақтылауларды ескере отырып, аудандардың аумақтары мынадай болып белгіленді: Байқоңыр ауданы – 18 190 гектар, Сарыарқа ауданы – 7 144 гектар, Алматы ауданы – 8 412 гектар, Есіл ауданы – 20 518 гектар, Нұра ауданы – 18 516 гектар, Сарайшық ауданы – 6 953 гектар, – деді ол.
Баяндамашының сөзінше, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде әр ауданның шекарасы мен аумағында болмашы өзгерістер орын алған. Ұсынылып отырған жобалар аудандардың нақты аумақтарын қолданыстағы құжаттармен сәйкестендіру мақсатында қабылданады.
Отырысқа қатысушылар құжатты қосымша пысықтау қажеттігін көтерді.
Атап айтқанда, аудан шекараларының өзгеруі алдағы сайлау учаскелерінің орналасуы мен бөлінуіне қалай әсер ететініне қатысты мәселе сөз болды. Депутаттар алдағы сайлау науқанының саяси маңызын ескере отырып, аталған өзгерістер бойынша жан-жақты талдау жүргізуді және толық есеп ұсынуды сұрады.
Талқылау қорытындысында жоба мәслихаттың тиісті ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып қабылданды.
Астанада су және кәріз инфрақұрылымын жаңғыртуға 20-ға жуық жоба іске асады.