Қазіргі уақытта Есіл ауданында шамамен 400 аула бар. Олардың басым бөлігі абаттандырылған. Былтыр 12 аулада кешенді абаттандыру жүргізілсе, биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тағы 5 аумақ жаңартылды.
Тұрғындардың iKOMEK 109 платформасы арқылы жолдаған өтініштеріне де ерекше назар аударылып отыр.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 53 аулада жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Соның аясында 103 шағын сәулет нысаны ауыстырылып, 19 футбол алаңы жөнделді.
Биыл Сауран көшесінде көше-жол желісін абаттандыру жұмыстары атқарылды.
– Аудан аумағында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Гранит және мәрмәр тақталар, брусчатка төсемдері қалпына келтіріліп, металл конструкциялар, қабырғалар мен орындықтар сырлануда. Бордюрлер орнатылып, сылақ жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар мен қалалық инфрақұрылымның өзге де элементтері жөнделіп жатыр, – делінген хабарламада.
Есіл ауданындағы жасыл желектерді күтіп-ұстау жұмыстары күн сайын жүргізіледі. Ауданда 220 мыңнан астам ағаш, 500 мыңға жуық бұта, 65 мың шаршы метр гүлзар, 5 млн шаршы метр көгал және 117 мың метрден астам «жасыл» қоршау бар.
Биыл аудан аумағында 40 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды.
Көгалдандыру жұмыстары Керей-Жәнібек хандар, Ұлы Дала, Қабанбай батыр және басқа да көшелердің бойында кешенді түрде жүргізілген.
Сондай-ақ EXPO саябағы, ҚТЖ гүлзары, Әл-Фараби мешітінің аумағы және басқа да қоғамдық кеңістіктерде көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары атқарылды.
Аудан әкімдігі абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалықты сақтау және қалалық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді. Негізгі мақсат – Есіл ауданы тұрғындары үшін жайлы, қауіпсіз әрі заманауи қалалық орта қалыптастыру.
Қазір елорданың барлық алты ауданында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары Астанада шамамен 500 қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылған.
Айта кетейік, Астананың Байқоңыр ауданында жаңа қоғамдық кеңістік ашылды.