Астананың ірі сауда орталықтарында ет бағасы қаншадан
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жыл басталғалы бері ет бағасы көтеріліп келеді. Әсіресе сиыр еті 1000 теңгеге жуық қымбаттап, жылқы етінен асып түсті. Осы орайда елорданың ірі сауда нүктелерінде қазіргі таңдағы бағаны шолып қайттық.
Бұған дейінгі жылдарда жылқы еті сиыр етінен үнемі кемі 200-300 теңгеге қымбат жүретін. Биыл Астанадағы ет нарығында жағдай мүлде керісінше қалыптасты. Бұған елордадағы «Big Шанхай», «Әлем», «Шапағат», «Көктал» және «Сауран» сауда орталықтарындағы ет сату бөлімдеріне жасаған журналистік мониторинг барысында көз жеткіздік.
«Big Шанхай»
Сиыр еті мұнда 3300-3400 теңге шамасында тұр. Жас малдың еті жетілген сиыр етінен сәл қымбат жүретіні айтпаса да түсінікті. Ал бұл бағаға тек сан ет алам деп ойламаңыз, оған төс пен қабырғадан бір-екі кесек ет қосып сатады, яғни «қоспасымен» саудаланады.
Жылқы еті – 3200 теңге.
Қой еті – 2800-3200 арасында. 2800-ден көже-көлмек, сорпаға лайықтап кесілген мойын мен қабырға еттерін алуға болады. Ал сан ет — 3200-ден.
«Шапағат» базары
Бұл базардағы сиыр етінің бағасы — қала бойынша ең төмені. Себебі «Шапағат» - коммуналдық базар.
Коммуналдық базар – жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша құрылатын, тұтынушылардың тiкелей өздерiне, тұрмыстық және отбасылық пайдалануына арналған азық-түлік тауарларын басымдықпен сатып алу-сату жүзеге асырылатын сауда орыны.
Атап айтқанда, сиыр еті мұнда 2850-3400 теңге аралығында бағаланған. Алайда 2850-ден сатылып жатқан ет сан ет не сұрп ет емес, кесілген төс және қабырға еттері екенін ескерген жөн. Оның үстіне ол жас ет емес, сақа сиыр еті екені байқалады. Мұндай еттің татымы жақсы болғанымен, ұзақ піседі.
Сондай-ақ мұнда шамамен дөнежін, бесті сиырдың сан етін қоспасымен 3150-ден алуға болады. Бұдан қуырдаққа қара кесек ет те, сорпалы тамаққа майлы жілігі де бар жақсы микс шығады.
Семіздігі орташа, бірақ жетілген сиыр еті 3200 деп тұр, ал жоғары сапалы жас ет 3400-ден қойылған.
Мұнда, басқа базарлардан бір ерекшесі етті Kaspi RED арқылы алуға болады.
Жылқы еті бұнда сиыр етінен бақандай 400 теңге арзан екен, келісі — 3000-нан. Ішекке салынбаған, яғни аударылмаған қазыны да, жалды да етпен бірге сол бағамен сатып жатыр.
Жылқы етін сондай-ақ, малдың жасына, семіздігіне қарай 2950-3100-ден алуға болады.
Қартаның келісі 1000-1500 арасында тұр, қарынды 500 теңгеден ала аласыз.
Жылқы бауырының келісі 1200 теңге.
Қой етін сан етпен араластырып орташа 3100-ден, тек сан етті 3300-ден алуға болады.
Жуылған бастың бағасы – 2500 теңге, жуылмағаны – 2000-нан, бірақ тісі қағылмаған, жағы айырылмаған.
«Әлем» базары
Мұнда сөреге қойылған еттердің өзге базарлардағыдан бір ерекшелігін байқадық: жаңа ғана сойылғандай күйде тұр. Бұл сатып алушы көп келетінін, сөредегі ет жылдам-жылдам жаңартылып қойылып отыратынының белгісі деп білдік. Сондықтан да «тауарлық түрін» сақтап, қымбатқа бағаланып тұрғандай.
Сиыр етінің келісі мұнда 3200-4200 арасы деп көрсетілгенімен, орташа 3600 теңгеден екен. Жалпы алғанда, жіліктер 1000-2500, сұрп еттер (сүйегінен сылынған таза қара кесек ет) 4000-4800 теңгеден.
Сиыр тілінің келісін 3600-дан алуға болады.
Іш май – 1200-ден.
Бауыр – 1500 теңгеден.
Жылқы етінің келісі 3500 теңге деп тұр. Жая, шұжық және қазы 4500-ден деп көрсетілген, бірақ аз-кем саудаласып көріп едік, етті 3300-ден, қазыны 3800-ден беруге келіскендер болды.
Қой етін мұнда 2900-3000 теңге арасында алуға болады. Тек сан еті мен құйрық май 3200-ден.
«Көктал» фермерлік базары
Бұл базарда ет таңдауы онша көп емес, бірақ семіз, жас ет бар.
Сиыр еті – 3300-3400-ден.
Жылқы еті – 3200-ден. Қазы - 4200-ден. Шұжық – 3800-ден.
Қой еті – 3000 теңгеден.
«Сауран» базары
Мұнда сиыр еті 3600 теңгеден саталып жатыр. Бүкіл сөреде баға бірдей.
Жылқы еті 3500-ден.
Қой еті 3200-3500 арасында.
Сиыр етін көп жейміз
Kazinform агенттігі жолдаған сауалға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми жауабында көрсетілген деректерге сай, ел тұрғындары сиыр етін жылқы етіне қарағанда екі есе көп тұтынады екен.
2024 жылы ішкі нарықта ет өнімдерін өткізу көлемі келесідей:
- сиыр еті – 419,6 мың тонна;
- жылқы еті – 173,7 мың тонна;
- қой мен ешкі еті – 131,3 мың тонна;
- шошқа еті – 57,8 мың тонна;
- құс еті – 452,4 мың тонна.
Сиыр еті неге қымбаттады
Астанада бұрын-соңды базарларда сиыр еті 3500-ден аспаған. Бұл біз ет нарығын бақылап келе жатқан соңғы он шақты жыл ішіндегі алғаш рет болып тұрған елеулі қымбаттау оқиғасы.
«Қазақстан ет одағы» бірлестігінің басқарма төрағасы Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша, бұған бірнеше фактор әсер еткен.
Қорыта айтқанда, мәселе мынадан туындаған: Әуелі 2010 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында көп қаржы бөлініп, ішкі нарықта мал басы артқан. 2019 жылы малды тірідей экспорттауға тыйым салынған, себебі 2010-2019 жыл аралығында елде ет бағасы екі есе артқан. Тыйым салынған соң елде ет бағасы да арзандаған, сонымен қатар мал ұстайтын шаруалардың табысы шығынын ақтамай қалған. Тіптен, бордақыланған малдар өзіндік құнынан 20 пайыз арзан сатылып, шығын әкелген. Осы кезде малшылар 2 млн-ға жуық малды сойып сатқан. Ал 2022-2023 жылы қуаңшылық кезінде жем-шөп бағасы 2-3 есе қымбаттап, мал бағу пайда емес, қып-қызыл шығын кәсіпке айналған. Осы кезде көптеген фермер басқа салаға кетіп қалған. Осыдан мал саны азайып, ет тапшылығы туындаған. Сол себепті қазір елде бордақылау алаңдарында еттің көтерме бағасы 3 мың теңгеден белгіленіп жатыр. Бұл базарларға жеткенше баға кемі 3500-4000 теңгеге жететінін білдіреді.