Астананың «жасыл белдеуін» күтіп ұстау арнайы компанияға жүктелмек
АСТАНА. KAZINFORM — Астананың «жасыл белдеуін» күтіп ұстау заңды тұлғаға берілмек. Бұл жайында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
— Қазіргі таңда жасыл белдеу жерлерінің қысқаруына немесе бүлінуіне жол бермеу қажет. Осыған байланысты «Астана мәртебесі туралы» заң шеңберінде қаланың жасыл аймағын басқару қағидаларын бекітіп, оны күтіп-ұстайтын заңды тұлғаны айқындау көзделіп отыр.
Жасыл аймақтың шекараларын әкімдік емес, Үкімет қана өзгерте алатын болады. «Жасыл белдеу» аумағында ландшафтардың табиғи көрінісіне теріс әсер ететін қызметке тыйым салу ұсынылады, — деді ол Мәжілісте.
Айта кетейік, Мәжілісте заңнамаға астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту бағытындағы өзгерістері енгізуге арналған заң жобасы бірінші оқылымда талқыланып жатыр.