Астананы барша әлемге танытып, ұлықтау біздің басты міндетіміз болуы тиіс - бас дизайнер С.Жанболатов
Жиынға қатысқан елорданың белгілі сәулетші-мамандары Президенттің ел астанасын Алматыдан сол кездегі Ақмола қаласына ауыстыру туралы шешімінің тарихи маңыздылығын ерекше атап өтіп, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары бұл шешімнің барлық қазақстандық қоғамның саяси-экономикалық дамуына қалайша әсер еткендігі жайында сөз қозғады.
Сондай-ақ «дөңгелек үстелде» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің жаңа ордасы - Астана қаласының құрылысында еуропалық және шығыстық сәулет өнерінің үндестігін таба білу шеберлігіне жоғары баға берілді. «Астана Еуропа мен Азияның орталығы болуы тиіс. Қаланың сәулет-құрылысының негізгі идеясы да осында. Сондықтан барлығын бір шаңырақтың астына жинап, осы бейбітшілік пен бірлік арқылы Астананы барша әлемге танытып, ұлықтау біздің басты міндетіміз болуы тиіс»,- дейді Астана қаласының бас дизайнері Сағындық Жанболатов.