Астананы түтіннің басуына сапасыз көмір себеп болуы мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада көмір сапасына тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.

Бұл туралы елордалық әкімдіктің аппараттық жиналысында белгілі болды, онда қаладағы түтін мәселесін шешу жолдары талқыланды. Аумақтық экология департаментінің деректеріне сәйкес, автокөліктен шығатын газ (53%) бен баспанасын көмірмен жылытатын жеке сектор елорданы басқан түтіннің басты себебі болып отыр.

«Экологиялық заңнаманы қатаңдату бойынша ұсыныс енгізу қажет және қаладағы барлық құрылым жұмысын өзгерту керек. Экология әкімдіктің 2018 жылдағы жұмысының басым бағыттарының бірі болмақ. Біз тәуелсіз сарапшылардан, ғалымдардан және белсенділерден арнайы комиссия құрып, қоғамдық тыңдаулар өткізетін боламыз», - деді Астана әкімі Әсет Исекешев.

Оның айтуынша, жұмыс екі бағытта жүргізіледі. Кешенді жоспар аясында жанар-жағармай мен көмір сапасын бақылау бойынша жаңа шаралар мен механизмдер әзірлеп, экологиялық заңнаманы бұзғандарға қатысты айыппұл санкцияларын көбейту қажет.

Бұған дейін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Астана аспанын торлаған түтінге қатысты өз пікірін білдірген еді . Министр қалада қою түтіннің таралуына жеке үйлерді көмірмен жылытудың себеп болып отырғанын және оған көмір сапасының қатысы жоқ екенін атап өтті.