Астананың 11 жылдығына арналған іс-шараларға билеттер үлкен қарқынмен сатылуда

АНА. Маусымның 29-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласының 11 жылдығына арналған мерекелік шаралардың салтанатты ашылуы шілденің 4-і күні «Атамекен» мемориалында Қазақстан Республикасының Туын көкке көтеруден бастау алады.

 Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы Мәдениет басқармасының директоры Еркебұлан Ағымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мерекелік шаралардың салтанатты ашылуы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекеттік туды көкке көтеруінен басталады. Мерекелік шаралардың саны былтырғымен салыстырғанда аз болғанымен, олардың мазмұны мен әсері Астананың 10 жылдық мерейтойынан еш кем түспейді. Іс-шаралар барлық жастағы адамдарға арналған.

Олардың ішінде қаланың бірнеше жерінде ұйымдастырылатын отбасылық «Айналайын» қалашықтары, скейтборд, ролик, триал және джиббингтерде мәнерлеп сырғанауды ұнататын жеткіншектерге арналған «Урбан мәдениеті» фестивалі, Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Иран және қазақстандық әншілердің қатысуымен өтетін «Астанаға шашу», «Ән мен әнші Астанада», «Арайлы әсем - Астана», «Ән шырқайық Астана» концерттері, «Астана - мыңжылдықтар арқауында», «Түркі әуендері», «Өзен толқыны» фестивальдері бар. Үш күндік мерекенің соңы «Арман - Астана» атты гала-концертпен аяқталады.

Сондай-ақ 6 мыңға жуық адам жарты сағаттың ішінде Мемлекеттік туды бейнелеп, жерсеріктен суретке түсіріледі де интернетке орналастырылатын болады.

Концерттерге кіру билеттері «Жастар», «Конгресс-Холл», «Тәуелсіздік» және «Бейбітшілік және келісім» сарайлары мен қалалық цирк ғимараттарының кассаларында сатылуда. Ұйымдастырушылар барлық шараға билеттер үлкен қарқынмен сатылып жатқанын жеткізді. Билеттерді сатып алуға қатысты барлық сұрақтарды 21 33 95 телефоны арқылы білуге болады.