Астананың 15 жылдық мерейтойына Патрисия Каас, Таркан, Филипп Киркоров және тағы басқалары келеді

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Астананың 15 жылдық мерейтойына орай елордағы Түркия, Ресей, Франция және Ұлыбритания сияқты елдердің үздік әртістері шақырылады.

Бұл туралы елорданың 15 жылдығына дайындық және оны өткізу бойынша ұйымдастыру комитеті штабы басшысының орынбасары Талғат Колбачаев Рrimeminister.kz сайтына берген сұхбатында.

«Қазақстан елордасы үшін бұл айтулы мерейтой екенін, сонымен қатар оқиғаның халықаралық маңыздылығын ескере отырып, тойлауға қатысушы елдердің географиясы биыл айтарлықтай кеңейтіледі. Онда Түркия, Ресей, Франция және Ұлыбритания сияқты еліміз үшін аса маңызды мемлекеттер арнайы бағдарламалар ұсынады», - деді Т.Колбачаев.

«Атақты әрі елге танымал композицияларымен өзінің ыстық лебізін әлемдік эстрада жұлдызы Патрисия Каас білдіреді. Игорь Крутойдың қайталанбас музыкасы мен түрік және әлем жұлдызы Тарканның әндері Астананың тұрғындары мен қонақтарын бейжай қалдырмайды», - деп бөлісті ол.

Атап айтқанда, 4 шілде күні Ресей эстрада жұлдыздарының «Астанаға сыйлық» атты ғаламат гала-концерті өтеді.

Астана күнін тойлау аясында Николай Устюжаниннің басқаруындағы оркестрдің сүйемелдеуімен Игорь Крутойдың шығармашылық кеші өтеді. Концерттің қатысушылары Ресей эстрадасының әртістері - Валерия, Александр Серов, Лайма Вайкуле, Николай Басков, Филипп Киркоров, Валерий Леонтьев, Ирина Аллегрова.

Бұдан өзге, 5 шілде күні Астанада түрік әншісі Таркан өнер көрсетеді.

Сонымен қатар, 6 шілдеде Астананың 15 жылдығы күні қазақстандық және шетелдің эстрада жұлдыздарының «Асқақтай бер, Астана!» атты концерті өтеді, ол Астана күнінің аясында бесінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.

7 шілдеде әлемдік эстрада жұлдызы, «WorldMusicAwards» марапатының иегері француз әншісі Патрисия Каастың жеке концерті өтеді деп күтілуде. Айта кету керек, концерт Қала күнін тойлау аясында өтеді және осылайша Қазақстандағы Франция жылын белгілеуге мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша аталған іс-шаралар кестесінде өзгерістер болуы мүмкін.