Астананың 20 жылдығы: Бибігүл Төлегенова шәкірттерімен бірге концерт өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың 20 жылдық мерейтойына орай  КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Бибігүл Төлегенова жеке концертін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін 89 жастағы әнші 2014 жылы концерт берген еді.

"Астанада үйім бар, үнемі келіп тұрамын. Астананың жаңалықтарын қарап отырамыз. Сондықтан, Астанаға қонаққа келмеймін, өз үйіме келдім деп айтамын. Өзім осы қаланың құрметті азаматы болғандықтан, 20 жылдық мейрамға үлес қосайық, елдің көңілін көтерейік деген ниетпен концерт өткізуді ұйғардық", - деді әнші.

Мерекелік концертте өнерсүйер қауым ән падишасы қазақ, орыс, татар тілдерінде жанды дауыста ән шырқап, опера үзінділерін орындады.

Сондай-ақ сахна төрінде Бибігүл Төлегенованың шәкірттері - Толқын Забирова, Талғат Мұсабаев, Альфия Кәрімова, Азамат Жылтыркөзов, Жұпар Ғабдуллина, Дина Хамзина, Медет Шотабаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты - Мәлік Азат сынды жас опера жұлдыздары өнер көрсетті. Концертті Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының Симфониялық оркестрі сүйемелдеді.

"Барлығы менің рухани балаларым, шәкірттерім. Бұлар шыққанда әлі күнге дейін тақымымды қысып отырамын, уайымдаймын. Оларға менің жолымды берсін. Еліміз аман болсын, Астанамыз көркейе берсін, осындай қуанышты кездесулерге ештеңе бөгет жасамасын", - деп тілек білдірді Бибігүл Төлегенова.