Астананың 241 көшесінде жарнамадағы қателер тексерілді

АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - Елордада 241 көшедегі жарнамалардағы қателер тексерілді, деп хабарлайды astana.kz.

Атап айтқанда, Сарыарқа ауданы бойынша 91 көшеде, Алматы ауданында 81 көшеде, Есіл ауданында 69 көшеде рейдтер жүргізілді. Бұл туралы Астана қаласының шағын кәсіпкерлік субъектілерінің, кәсіпорындары мен ұйымдарының «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заңын сақтау мәселелері қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының көпшілік тыңдауында белгілі болды.

Визуалды жарнамаларды, көше атауларын, аншлагтарды тексеру барысы және қателерді анықтау туралы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов баяндады.

«Тексеру барысында келесідей бұзушылықтар анықталды: көше атаулары қатемен жазылған, көшенің ескі атаулары жазылған, эстетикалық талғам жоқ, аншлагтар ілінбеген немесе әртүрлі жазылған, атаулар бірнеше нұсқада ілінген. Біз қаладағы 45 жарнама агенттігімен бірге жұмыс істейміз. Биыл қаңтар айынан бастап жарнамалық және визуалды ақпарат бойынша 1473 нобайға сараптама жүргізілді, 238 жарнамалық мәтіндегі қателер түзетілді», - деді Е. Тілешов.

Елордалық Тілдерді дамыту басқармасы Есіл ауданы прокуратурасымен бірлесіп, ХҚКО, №54 «Нұр-ай», №63 «Әсем-ай», №56 «Береке», №53 «Мерей», №64 «Асыл бөбек» бала бақшаларындағы, №45 орта мектептегі және «Радуга» шағын маркетіндегі визуалды жарнаманың «Тілдер туралы» ҚР заңына сәйкестігін тексерді.

Сонымен қатар, Басқарма жарнамалық және визуалды ақпарат мәтіндерін тексеру бойынша 48 рейд ұйымдастырды.

«Негізінен, жарнамалық және визуалды жарнама мәтінінде жиі жіберілетін қателерді келесідей топтастыруға болады: қазақ тілінің орфографиялық ережелерін сақтамаудан туындаған қателер; мәтіні қазақ тілінде жазылмаған визуалды ақпарат; стилистикалық қателер жіберілген жарнама; орыс тілінен сөзбе-сөз аударылған жарнама», - деді Ербол Тілешов.

Осыған орай, жарнама агенттіктеріне әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Визуалды және жарнамалық ақпарат мәтіндерін сараптау» тақырыбында семинар өткізілді. Онда осы сала бойынша жұмыс істейтін филологтар, журналистер, дизайнерлер баяндамалар жасап, жиі кездесетін қателер бойынша ақпараттық-талдау жұмысы жүргізілді.