Астананың 4 ауданына 40 жылы аялдама сатып алынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық кеңесі шаһардың биылға нақтыланған бюджет жобасын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астананың биылға нақтыланған бюджет жобасын қоғамдық кеңес мүшелеріне Нұр-Сұлтан қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев таныстырды.

«Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына Тәуелсіздік көпірінің құрылысына, «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданы көшелерінің құрылысын жалғастыруға, «Интернациональный» тұрғын алабындағы мекемелік желілер мен жолдарға, №27 көшенің бойында Есіл өзені арқылы өтетін көпір салуға, жолаушылар тасымалы бойынша міндеттемелерді субсидиялауға, 4 аудан үшін 40 жылы аялдама сатып алуға бюджет әкімшілігі бағдарламасы арқылы 10 млрд 200 млн теңге бөлу ұсынылып отыр», - деді басқарма басшысы.

Оның мәліметі бойынша, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы астананың геоақпараттық орталығын құру үшін 50 млн теңге сұрап отыр.

«Құрылыс басқармасына көппәтерлі тұрғын үй кешендерін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдық құрлысын, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде үлескерлік проблемалық обьектілерді аяқтауға, полиция департаментінің жылдам әрекет ететін арнайы жасақ ғимаратын реконструкциялауға және халықтың әлеуметтік топтары үшін пәтерлер сатып алуға бюджет әкімшілігі бағдарламасы арқылы 13 млрд 445 млн теңге қарастыру ұсынылып отыр», - деді Қайсар Маңқараев.