Астананың Анкарадағы мәдениет күндері өтуде

АСТАНА. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астананың Анкарадағы мәдениет күндері аясында 6-9 қыркүйекте елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов бастаған ресми делегация Түркия елінің астанасында шараларға қатысуда.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне қарағанда, ресми делегация Анкарадағы тарихи қорған мен киелі орын «Қажы Байрам Уәли» мешітіне барып, «Жастар» саябағында болады. Бұл саябақта түркі әлемін дамыту ісіне қосқан зор үлесі үшін Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа 2010 жылғы 24 қыркүйекте ескерткіш орнатылған.

Ал, 7 қыркүйек күні «Эстергон» түркі мәдениетінің мұражайында түркі елдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрлерін паш ететін Қазақстанның тұрақты экспозицияларының ашылуы болды.

 «АТО» конгресс залында Қазақстан эстрадасының жұлдызы - Қазақстан Республикасының Халық әртісі Роза Рымбаева, сондай-ақ, Азамат Жылтыркөзов, Маржан Арапбаева, Нұрғали Тұрлыбеков, «МузАРТ», «Ринго», «Асыл» топтары, «Белес» этно-фольклорлық тобы, «Шалқыма» халық би ансамблі, «Наз» би ансамблі, «Терра» би театры және «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерінің қатысуымен гала-концерт өтті. «АТО» конгресс залының фойесінде 2 көрме жұмыс жасайды.

Сәндік-қолданбалы өнер көрмесінде қазақ халқының материалдық және рухани мәдениеті бұйымдары - зергерлік әшекейлер, киіз, тоқыма бұйымдары және т.б. қойылған.Көрме қонақтарына қазақстандық зергер Сержан Баширов пен үздік қол шебері Гүлназым Оразақ шеберлік-сыныптарын көрсетеді.

«Астана - арман қала» атты Қазақстанның астанасы туралы фото көрмеден фотограф Шүкір Шахай мен Владимир Куриловтың 59 жұмысын тамашалап, елордамыздың даму тарихы және бірегей нысандарымен таныса алады.

8 қыркүйек күні делегацияның «Ататүрік» мавзолейіне, «Улус» тарихи орталығына баруы және қаламен және тынығу жобаларымен танысу жоспарланған.