Астананың автобус жолақтарында көлік апаттары көп болды ма

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасының мәліметіне сәйкес, елордада «BUS Line» жолақтары енгізілгеннен бері үш жаяу жүргінші мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, қаланың көлік кешенін дамыту бағдарламасы аясында 2015 жылы 6 көшеде автобус жолағы енгізілсе, өткен жылы 5 көшеде «BUS Line» сызылды.

«Қала көшелерінде «BUS Line» жолағы енгізілгеннен бері (2015 жылдан бастап) қоғамдық көліктер 9 жол-көлік апатына түсті. 6 рет жаяу жүргіншілерді соғып кетсе, 3 мәрте көлік қақтығысты. Жаяу жүргіншілерді соғып кету кезінде 3 адам қайтыс болды», - делінген Әкімшілік полицияның ҚазАқпарат тілшісіне берген ресми жауабында.

Алдағы уақытта Астананың 24 көшесінде автобус жолақтарын енгізу жоспарланған. Атап айтқанда, Жеңіс даңғылы (Конституция көшесінен Кенесары көшесіне дейінгі аралық), Республика даңғылы (Абай - Бараев), Тәуелсіздік даңғылы (Пушкин - Момышұлы), Қабанбай даңғылы (Қорғалжын тас жолынан айналма жолға дейін), Абылай хан даңғылы (Қошқарбаев - Пушкин), Шәкәрім Құдайбердіұлы (Қошқарбаев - Пушкин), Сарайшық көшесі (Қабанбай батыр - Момышұлы), Байтұрсынов көшесі (Момышұлы - жаңа вокзал), Нәжімеденов көшесі (Қалдаяқов - жаңа вокзал), Сығанақ көшесі (Айтматов - Тұран), Сарыарқа даңғылы (Сейфуллин - көпірге дейін), Тұран даңғылы (көпір - Достық көшесі), Қосшығұлы көшесі (2 Алматы көшесі - Орал көшесі), Мәңгілік ел (жол айрықтан бастап Керей мен Жәнібек хандар көшесіне дейінгі аралық), Пушкин көшесі («А-Мади» жанар-жағармай құю стансасы - Жетіген көшесі), Сәтбаев көшесі (Момышұлы - Петров), Бейбітшілік көшесі (Есенберлин - Сейфуллин), Гете («Сапаржай» автовокзалы - Республика даңғылы), Ақжол (Пушкин - Алаш тас жолы), Жұмабаев көшесі (Қажымұқан - Қошқарбаев), Қошқарбаев (Тәуелсіздік - Түлебаев), Қонаев даңғылы (Мәңгілік ел - Тұран), Достық көшесі (Мәңгілік ел - Тұран) және Конституция көшесінде (Бәйсейітова - Жеңіс аралығында) автобус жолақтарын енгізу көзделген.