Бұл туралы бүгін Астана қалалық прокуратурасының Әлеуметтік, экономикалық саладағы заңдылықтарды қадағалау басқармасының прокуроры Сабыржан Оңалбаев журналистермен болған брифингте мәлім етті.
Оның мәліметтеріне қарағанда, өткен жылдың сәуір айында басқармаға жолданған жылдамдықты шектеу, басып озуға тыйым салу, Жол полициясы бекеті орналасқандығы жөніндегі жол белгілерін орнату сияқты бірқатар ұсынымдар әлі күнге дейін орындалмаған.
«Ал өткен жылдың мамыр айында Г.Айнабекова атты азаматша көпірден көлігімен түсіп келе жатып, жол жиегінен шығып кетіп, жол бойында кетіп бара жатқан жүргіншілер жарақат алған. Осы оқиғадан соң Г.Айнабекова оқиға болған аймақта арнайы белгінің жоқтығына шағымданып, басқарманы сотқа берді. Ал сот істі Г.Айнабекованың пайдасына шешіп, шағымданушы мемлекеттен 2 миллион теңге өндіріп алды. Сондай-ақ биылғы жылдың маусымында Астана қалалық жол полициясының өкілдері жол-көлік оқиғасынан болған кісі өлімінен соң Бауыржан Момышұлы даңғылының Қордай көшесімен қиылысатын тұсында бағдаршам қою жөнінде ұсыным жолдаған. Алайда бұнымен байланысты шаралар әлі күнге дейін қолға алынбаған. Өкініштісі мұндай жағдайлар бірен-саран ғана емес», - деді прокурор.