Астананың азық-түлік белдеуін құру жұмысы толығымен орындалмай отыр - Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың азық-түлік белдеуін құру жұмысы толығымен орындалған жоқ. Бұл туралы бүгін ЭКСПО көрмесіне дайындық жұмыстарын пысықтауға арналған жиында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Қала инфрақұрылым құрады, жақын облыстар, алдымен Ақмола, Қарағанды және Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары елордалық нарыққа азық-түлік жеткізеді деп шешілген болатын. Қазір не бар? Былтыр елордада инфляция 10 процентке өскен. Ел бойынша, орташа есеппен 8 процентке жеткен. Баға әсіресе азық-түлікке өскен. Неге бұлай болып жатыр? Сақтайтын жерлер жоқ деп ақталып жатыр. Маусым басталғанда жеткізу керек еді. Қалада салынған көкөніс қоймалары, коммуналдық базар, сауда павильондарының желілері толық көлемде қамтамасыз етілмеген. 8 қойманың 2-еуі жұмыс істемей тұр. Қалғандары жартылай жұмыс істеп тұр. Соңғы екі жылда Астанаға шетелден 42 миллиард теңгеге азық-түлік жеткізілген. Оның басым бөлігін өзіміз, Қазақстанда шығара алатын тауарлар», - дейді Назарбаев.

Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Астанада қуаты 90 мың тонна болатын қоймалар бар, бұл қала қажеттілігін толық қамтамасыз ете алады. Бірақ қоймалар толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ.

Елорданы азық-түлікпен қамту үшін ауыл шаруашылық кооперативтері тартылмай жатыр, деген Мемлекет басшысының сынына Асқар Мырзахметов бұл мәселе Үкіметтің көшпелі отырысында қаралғанын, жақын арада Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарындағы 200 ауыл шаруашылық кооперативтері қосымша 150 мың тонна сүт пен 15 мың тонна ет өндіре алатынын хабарлады.

Президенттің сөзінше, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші кәсіпкерлер тауарларын өткізетін нарық таба алмауда. Ал тұтынушы халқы көп Астанаға азық-түлік қажетті көлемде жеткізілмеуде.

«Менің ойымша, тапсырма орындалмай қалды. Барлықтарың орындаған жоқсыңдар. Осы істі қалай түзететіңдеріңді қараймын тағы. Премьер-Министрдің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі ретінде саған тапсырма беремін. Қала басшылығымен бірге реттеңдер. Қанша айта беруге болады?», - деп қатты ескертті Елбасы.