АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Сәуірдің 20-нан бастап Астананың бірқатар көшелері жөндеуге жабылады.
Бұл туралы бүгін журналистерге Астана қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары Айтқазы Арықбаев пен елорданың Жол полициясы басқармасы жол бақылау бөлімінің бастығы Нұрлан Уваев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астананың Қабанбай батыр атындағы көшесінде асфальтты жөндеу жұмыстары өткізілетіндіктен, сәуірдің 20-нан бастап Достық және әуежайға барар айналма жолға дейіңгі бөлікте жол қозғалысы шектеледі. «Аталмыш жол учаскесі бөлік-бөлігімен жөнделетін болғандықтан, көлік қозалысы толығымен тоқтатылмайды», дейді Н. Уваев. Дегенмен жолдың екінші бөлігін, айналма жолдан әуежайға дейіңгі бөлікке кешенді жөндеу жүргізілуі мүмкін. Ол кезде көше тұтастай жабылуы ғажап емес. Ондай жағдайда қала тұрғындарына әуежайға дейін Қарағанды трассасы арқылы Оңтүстік айналма жол арқылы баруға тура келеді. Бұл жайттар алдын ала Жол полициясымен хабарланып отырады.
Сонымен қатар сәуірдің 20-сында Ақжол көшесі толығымен жабылады. Атап айтқанда оның Литейная көшесі мен Пушкин атындағы көшенің көліктік қиылыс бөлігінде қозғалыс тоқтайды.
Н. Уваевтің айтуынша, аталмыш көшенің жабылуын Ақжол-Пушкин және Ақжол-Бөгенбай бөлігінде кәріздік жүйелерді жүргізу, су желілерін салу және жолдың осы бөлігін 6 жолаққа дейін кеңейту бойынша жұмыстар атқарылатындығымен түсіндіріледі. Сонымен қатар Ақжол көшесінің Литейная көшесі мен Ақжол-Бөгенбай көшелеріне дейінгі бөлігінде асфальтты қайта жөндеу жұмыстары қатар өтетіндіктен, көшенің аталмыш бөлігінде жол қозғалысы жартылай шектеледі.