Астананың ең сұлу аруы анықталды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Мисс Астана - 2017» сән байқауы аяқталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Астананың ең сұлу аруы атағын жеңіп алуға Астананың әртүрлі оқу орындарынан 18 бойжеткен қатысты.

«Биылғы жылы біз сайыстың бірінші кезеңін Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арнап отырмыз. Яғни, арулар сайысының сахнаға шыққан алғашқы кезеңі «Алтын адам» стилінде болады. Бұдан бөлек, тағы үш мәрте өнерін көрсететін арулар би билеп, киім үлгісіндегі талғамымен тамсандыра білуі тиіс», - дейді «Мисс Астана» байқауының директоры Ольга Радеш.

Астананың ең сұлу бикешін төрешілер құрамындағы дизайнер Ханум Айдаш пен Қайролла Әбішев, әнші Ринат Малцагов, «Сән мен денсаулық» клубының директоры Юрий Шевченко, Ольга Радеш, Жазира Жанкина және боксшы Василий Левит таңдады. Концерт мазмұнында өткен шарада Маржан Арапбаева мен Ринат Малцагов ән шырқады.

Төрт кезеңнен тұратын арулардың өнері көпшіліктің зор қошеметіне ие болды. Сән мен салтанат, ән мен ажар астаналықтарға ұмытылмас кеш сыйлады. Сайыстың қорытындысы бойынша, арулардың ешқайсысы жүлдесіз қалған жоқ. «Мисс туризм», «Мисс фитнес», «Мисс Гран при» номинациялары табысталды. Екінші «вице-мисс» атағы Маймуна Күлкешоваға бұйырса, бірінші «вице-мисс» номинациясын Анастасия Шимина жеңіп алды.

Ал арулардың ішіндегі ең сұлуы атағын жеңіп алған Нұрсұлу Бегжанова «Мисс Астана - 2017» атанды. Құрметті номинациясы жеңімпазға боксшы Василий Левит табыстады. 


 

Сән байқауының жеңімпазы Нұрсұлу Бегжанова «Мисс Қазақстан» ұлттық байқауының ақтық сайысына қатысады. 

Соңғы жаңалықтар