С.Мұстафина елорда тұрғындары мен оның кішкентай бүлдіршіндерін алдағы Жаңа жылмен құттықтап, мерекелік шырша шамдарын салтанатты түрде жағу - жас Астана үшін игі дәстүрге айналғандығын атап өтті.
«Отбасыларыңызға тек қана жақсылық, молшылық, денсаулық тілеймін, өсіп келе жатқан балапандарыңыз аман болсын! Еліміздің туын көтерген азамат атанып, Сіздерге тек қуаныш әкелсін, құрметті ата-аналар!», деді С. Мұстафина өзінің құттықтау сөзінде.
«Шырша сіздердің көңілдеріңізден шықты деп ойлаймын. Шырша үлкен махаббатпен, балаларға деген шын жүректен шыққан қамқорлықпен жасалып, айшықты ойыншықтармен безендірілді. Ол сіздерге тек шаттық сыйласын!», деді аудан әкімі.
Шырша маңындағы мерекелік шара әлі де болса жалғасуда. Дәл қазір қаладағы мектеп және балабақша тәрбиеленушілері арасында «Аяз атаға менің сыйлығым» атты қалалық байқау өтуде. Байқау аясында дайындалған үздік ойыншықтардың «авторлары» өз қолдарымен жасаған түрлі ойыншықтарды ауданның бас шыршасына ілуге мүмкіндік алады.